

Ежелден батырларын ардақтап, билерін ұлықтай білген халықпыз. Соның жарқын көрінісіндей, жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында Ұлы Отан соғысының және сот жүйесінің ардагері Айтжан Бекназардың 95 жасқа толуына орай ізет көрсету шарасы өтті.
Салтанатты іс-шараға облыстық, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, облыс әкімінің орынбасары, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы мен доғарыстағы судьялар, ақын-жазушылар және ОҚО бойынша Соттар әкімшісі, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшылары мен жас судьялар, С.Рахымов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебінің ұландары, Мақтаарал ауданы мен Шымкент қаласы Абай ауданының әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Сот ұжымы мерейтой иесін облыстық соттың алдында орнатылған «Даңқ тақтасы» жанында қарсы алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен Ұлы Отан соғысына қатысқан сот саласының ардагерлерін еске алды.
Одан кейін конақтар облыстық соттың холында ұйымдастырылған ардагер-судьялардың еңбектері мен әдеби шығармаларына арналған кітап көрмесімен танысты.
Шараны ашып, жүргізген облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің құттықтауын жеткізіп, салтанатты жағдайда Айтжан Бекназарға «Мінсіз қызметі үшін» медалін үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен тапсырды. Бұдан кейінгі тілек айтулар мен құттықтау және марапаттаудың барлығы да үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жалғасты.
Нұрсерік Кәрімұлы ардагердің ғибратты ғұмырын жас судьяларға үлгі ете отырып, өз құттықтауында: «Аса құрметті Айтжан аға! Сізді 95 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің еңбек жолыңыз 1940 жылы Леңгер (қазіргі Төле би) ауданында ұстаздық етуден басталып, 1941 жылы 19 жасыңызда Отанды қорғауға аттандыңыз. Оқ пен оттың ортасында жүріп, майдан шебінде қазақ баласына сай ерліктермен көзге түстіңіз, омырауыңызға тағылған медальдар мен ордендер Ұлы Отан соғысындағы ерлігіңіздің куәсі деп білеміз. Соғыстан кейін «Заң мектебін» бітіріп, Шымкентте адвокат қызметін атқарып, содан кейін Ильич, Жетісай және Мақтаарал аудандық соттарына судья болып сайланып, ақыл-парасатыңыз бен біліктілігіңіздің арқасында қатардағы судьядан, аға судья, одан кейін аудандық соттың төрағасына дейін көтерілдіңіз. Төрағалық қызметті 1965 жылдан 1982 жылдың маусым айына дейін абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шықтыңыз. Сот қызметінде жүріп әділ шешімдер шығаруды басты қағидаға айналдырып, бүгінгі судьяларға «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген бұрынғы билердің сөзін жиі айтып отырасыз. Зейнеткерлікке шыққан соң шығармашылықпен айналысып, 4 кітап жазып, сонымен қатар, судьяларға ақыл-кеңесіңізді беріп, облыс соттарындағы іс-шараларға да қатысып, сот қауымдастығынан қол үзбей келесіз. Мырзашөл өңірінің халқы ерен еңбегіңізді ескеріп, Сізге Мақтаарал ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді. Ұзақ жылдар бойы сот саласында атқарған қызметіңіз бағаланып, сот билігі тарапынан «Сот жүйесінің ардагері», «Құрметті судья» атанып және «Үш би» төсбелгісіне ие болдыңыз. Облыстық соттың алдында орнатылған Даңқ тақтасына есіміңіз алтын әріптермен өшпестей болып жазылды.
Қадірменді Айтжан Тассейітұлы, Сізді 95 жасқа толуыңызбен құттықтап, деніңізге саулық, шаңырағыңызға шаттық пен құт-береке тілеймін!» ‒ деп, дәстүр бойынша ардагерге шапан жауып, естелік сыйлық тапсырды.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібекұлы: «Бүгін сот саласы ғана емес, облыс үшін ерекше еңбек сіңірген Айтжан ақсақал мерейлі 95 жасқа келіп отыр. Елге абыройлы ардагердің кейінгі ұрпаққа айтар, үлгі тұтар өнегесі де мол» дей келе облыс әкімінің атынан құттықтап, иығына шапан жапты.
Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы Ермахан Рахманберді өз баяндамасында Айтжан Бекназардың отанды қорғау үшін сұрапыл соғыс жолынан өтіп, одан кейінгі ауыр жылдарда 32 жыл үзіліссіз Мақтаарал аудандық соттарында судья, аға судья, төраға қызметтерін абыроймен атқарып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғағанын ерекше атап өтті. Одан әрі баяндамашы мерейтой иесінің шығармаларына тоқталып, оның ізденімпаздығы мен жұрт білмейтін қырларын ашып, кейбір кітаптарынан үзінділер келтірді.
Айтжан Тассейітұлының «Сұрапыл жылдар» атты 2007 жылы шыққан кітабында ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірінің тарихи-саяси сипаты мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыныс-тіршілігі жайлы нақты деректер негізіндегі ой-толғамдары айтылған.
Осы кітапта заң саласында 38 жыл тапжылмай еңбек еткен Оңтүстік Қазақстан өлкелік, кейіннен облыстық соттың төрағасы қызметтерін атқарған, 13 кітаптың авторы Нығмет Төлендіұлының әділетті судья болғаны, сол кездегі партияның қаһарынан да тайсалмағаны жөнінде мысал келтірген.
1960 жылдары Шардара құрылыс салу мекемесі басшысының баласы маскүнемдікке салынып, оған қоса әке дәулетіне мас болып, Келес даласындағы тауық фермасына ұрлыққа түсіп, ұрлаған тауығын ферма қарауылына қуырып бер деп, оны ұрып-соғып қорлайды. Қорлыққа шыдамаған Отан соғысында қорлықтың мұнан да сорақысын көрген қарауыл әлгі бұзақыны атып өлтіреді. Осы «қылмысы» үшін жауапқа тартылған қарауылды Н.Төлендіұлы ақтап жібереді. Сол кездегі өлкелік партия комитетінің хатшысы И.Юсуповтың қаһарына ілініп, «қарауыл сотталу керек, біз партияның бюро мәжілісінде осындай ұйғарымға келдік» дегенінен ешнәрсе шықпастан, әділеттіліктің жеңгенін айтқан.
Осы жайтты автор сот төрелігін іске асыру кезінде қандай да жағдай болмасын судья тәуелсіз және тек заңға ғана бағынатынын жас ұрпаққа өсиет ретінде жеткізіп отыр.
Н.Төлендіұлы Айтекеңе «Қазақтың қос батыры» атты кітабын тапсырғанда «Айтжан! Нендей қиындықтар мен қиянаттарды көріп, жер басып жүрміз. Алла Тағала бұрынғыдай жебеп көретін күнімізді ұзарта берсін, Әумин!» деп қолтаңба қалдырған. Ал, «Война, исчезни навсегда» атты кітабын тапсырғанда «Айтжан! Екеуміздің көп жылдық мықты достығымыздың естелігі болсын» деп жазған сөзі достық сезімінің жарқын бейнесін көрсетсе керек.
А.Бекназар «Елтай елінің бір ұлы еді», «Ақиқат және әдеп» атты кітаптарында атасы Елтай Ерназаровқа деген ізеттігі, Мақтаарал ауданында 40 жыл тұрып, соның 32 жылында судья, сот төрағасы қызметінде болып, сол елге және сол өңірдің азаматтарына деген ризашылығын білдірген тілектерінде: «Мен ағалардан үлгі алып, тәрбие көргеніме мәңгі ризамын. Әсіресе ризашылығымды Мақтаарал өңірінің жергілікті халқына арнаған болар едім. Бұл халықтың пейілі кең, жүрегі таза бауырмал адамдар. Аз да болса, істеген жақсылығыма риза, достығы мол, дұшпандығы жоқ» деп жазған сөздері бар. Осындайда, Жүсіп Баласағұнның «Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды, бірінші – қайырымды ісі, екіншісі – мейірімге толы сөзі» деген нақыл сөзі ойға оралады.
А.Бекназардың «Тарихтағы ұлы тұлғалар» атты жинағына халқымыздың біртуар тұлғалары туралы мәліметтерге өз тұрғысынан талдау жүргізген. Бұл кітаптың жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол екені анық.
Айтекең өзінің парасаттылығы мен адамгершілік ізгі қасиеттерінің арқасында ер жүрек жауынгер әрі әділ би бола білді. Қазіргі уақытта Айтжан Тассейітұлының «қариясы бар үйдің – қазынасы бар» демекші, сот жүйесінің данышпан қариясы, ұлағатты ұстазы болып, сот жүйесінің өсіп-өркендеуі жолында өз тәжірибесімен бөлісіп жүргеніне қуанамыз. Айтжан ағамызға қажымас қайрат, мықты денсаулық және ұзақ ғұмыр тілей отырып, ортамызда жайқалған саялы бәйтеректей болып жүре беріңіз!» - деді Е.Рахманберді.
Игілікті іс-шара барысында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Талғат Алиқұлов, замандас досы Ботабек Жұматов, ардагер судья Өмірбек Темір, жас судья Ирина Гаврикова, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков пен Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев, республикалық «Жас ұлан» мектебінің ұланы Арыкен Бостанбек және Төле би ауданындағы №1 мектептің директоры Полатбай Аюбаев пен Мақтаарал ауданының №2 сотының төрағасы Жеңіс Мақұлбаев пен Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының төрағасы Низамиддин Жамашов т.б. мерейтой иесіне деген шынайы тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Құттықтаулардың арасында мерейтой иесінің құрметіне Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілерінің орындауында дәстүрлі әндер және әскери жылдар әуендерінен поппури шырқалып, қонақтардың құлақ құрышын қандырды.
Өз кезегінде сөз алған Айтжан Бекназар сонау қиын да қилы кезеңдерді қамыға еске алып, соғыстан кейінгі жылдары ауылдағы ауыртпалықтар жайында сыр шертті. Бүгінгі бейбіт өмірдің бақытты заман екеніне тоқталып, осындай тыныштық пен тоқшылық күндерді қадірлей білу керектігін де баса айтты. Облыстық соттың төрағасы мен сот қауымдастығы ұйымдастырған ізет көрсету шарасына және әрдайым көрсетіліп отыратын өзге де құрмет пен қошеметтері үшін ризашылығын білдіріп, соттарда өткізілетін іс-шараларға қуана қатысатынын жеткізді.
Іс-шараны қорытындылай келе Н.Шәріпов: «Біз өмір сүріп отырған мамыражай, бейбіт өмір – аталарымыз бен апаларымыз Ұлы Отан соғысында көрсеткен қаһармандықтың арқасында орнады. Отан үшін жан аямай шайқасқан ағаларды құрметтеу, бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Ардагерлер қашан да құрмет пен қошеметке лайықты. Осындай бақытты кезеңге қол жеткізуде ардагерлерге төккен қаны мен тері үшін бүгінгі ұрпақ тағзым етеді. Бұл күндері қатары сиреп қалған ардагерлердің ерлік эпопеясы келер ұрпаққа өшпес өнеге. Ардагерлер даңқы арта берсін! Ағамызға денсаулық пен амандық тілей отырып, бәрімізге Айтжан Тассейітұлының 100 жылдық тойында басқосуға жазсын!» - деп салтанатты жиынды аяқтап, қонақтарды дастарханға шақырды.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі