Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қ.Дүйсенби: "Хат тасушыдан қазылыққа дейінгі 40 жыл", "Заң газ.", 11.04.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Судьялық мамандықты басқа кәсіппен салыстыру мүмкін емес. Әсіресе, табиғаты бөлек, жаратылысы нәзік қыз-келіншектер үшін бұл жұмыстың қиындығы басым, жауапкершілік жүгі ауыр. Әдетте, қарапайым халықтың ұғымында «сот» деген сөздің өзі тек соттаушы ғана ретінде сезіліп, суық естіліп жататыны жасырын емес. Алайда, әйел судьялардың да өзгелер секілді жүрегі бар адам екенін, табиғаты жұмсақ десек те, мамандығына келгенде қаталдау, шегінен шықпайтын міндеттері, судья әдебі секілді орындауға тиісті талаптары болатыны белгілі. Сондай өмірінің 40 жылын сот саласына арнап, әділдікті таразылаған жанның бірі – кешегі Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы, сот жүйесіне сіңірген елеулі еңбегі ба­ғаланып «Үш би» төбелгісінің иегері былтырғы қазан айынан бастап доғарыстағы судья Шара Әбдешқызы БИЙСЕНБИЕВА. Оны осынша жыл судьялықтың бұғауынан босатпаған терең білім, жоғары кәсіпқойлық, өз ісіне деген адалдық пен шынайы ынта-ықылас екенін сұхбат барысында болған әңгімеден түйдік.

- Шара Әбдешқызы, қырық жыл әділдік жолынан таймай, қырағы соттың сақшысы болу бір адамның басына бұйыра бермейтін бақ. Сіз сот саласына 18 жасыңызда келген екенсіз.

- Иә, сот саласына мектепті бітірген соң келдім. Ол заманда соттағы техникалық қызметтерге орта біліммен жұмыс істей беруге болатын. Ата-анам қай қызмет болса да жоғары дәрежесіне жетіп, оның биігіне көтерілу үшін барлық баспалдақтардан өту керек деп отыратын. Ол үшін жанды жанып, тер төге еңбек етуді жастайымыздан санамызға сіңіріп өсірді. Өткен жылдарға көз жіберіп қарасам, 40 жылдық жемісті жұмысымның негізі Шымкент қаласының  Еңбекші аудандық сотында қаланған екен. Алғашында аудандық сотта курьер, іс жүргізуші, сот мәжілісінің хатшысы болдым.  Ал, 1980 жылы облыстық сотқа ауысып, сот мәжілісінің хатшысы қызметін атқардым. Жұмыс істей жүріп, Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алдым. 1984 жылы Шымкент облыстық сотта кеңесшісі болдым. Осылайша тәжірибе жинақтап, шеберлігім шыңдалды. Үлкен шаңырақта жүріп, сот процесін жүргізудің небір құпия сырларына қанықтым. Содан 1992 жылы Абай аудандық сотының судьялығына тағайындалдым. Қазылықтың қыры мен сырын үйрене жүріп, жауапкершілігі мол үлкен істе ұсақ-түйектің болмайтынын ұғындым. Ең бастысы, әр адамның тағдырын өз жүрегімнен өткізіп, әділ шешім шығаруға өзімді дайындадым.

 

- Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық сотына қашан келдіңіз?

- 1996 жылы Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық сотының судьялығына тағайындалдым. Осында жүріп, қылмыстық іс болсын, мейлі  азаматтық немесе әкімшілік істерді қарап, кәсіби деңгейімді жетілдірдім. Жалпы, 40 жылдық еңбек өтілімнің жартысын осында өткізіппін.

- Ең алғаш қараған ісіңіз есіңізде ме?

- Есімде, есірткімен айналысқан кәріс жігітіне қатысты істі қараған едім. Осы істі қарап, сотталушыға бір жыл шартты жаза тағайындадым. Ал азаматтық іс бойынша ажырасу мен дүние мүлікті бөлуге қатысты істергее төрелік жасадым. Ол кездің талабы бойынша судья барлық деңгейдегі істерді қатар қарай беретін.

- Адамның тағдырына қатысты мәселеге билік айту, кесім жасау айтуға оңай, әрине. Судья болған соң алдыңыздан қилы тағдырлы, түрлі қылмыс жасаған адамдар өтеді. Үкім немесе шешім шығарарда ерекше күйге түскен сәттеріңіз көп болды ма?

- Тек қылмыстық істерді қарағандықтан болар, ондай жағдайларды басымнан жиі өткердім. Әр үкімнің артында адамның тағдыры тұрады. Ішің қан жылап тұрса да заң дейтін құдіретті күштен асып кете алмайсың. Осыдан бірнеше жыл бұрын лаңкестікке қатысты істі қарадым. Бұл терроризмге байланысты облыстағы алғашқы іс болды. Бұдан алдын 20 лаңкеске қатысты сот Жамбыл облысында қаралған екен. Сол кез өзге діни ағымдардың ушығып тұрған шағы тұғын.  Өзбекстандық Юсупов деген азамат «Әл-Кайданың» мүшесі ретінде өңірдегі бірқатар жастарды жанына тартады. Оларды Алматының тау шатқалдарында арнайы дайындықтан өткізіп, Шымкенттегі маңызды нысандарды жаруды көздейді. Жетекте кеткен өңкей өзіміздің көкөрім жастар. Арасында отбасын құрғандар да және ғылым жолына түскен аспиранттар да бар еді. Бірақ санасы әдбен шырмалған. Бұл өте күрделі іс болды. Сондықтан, менің қауіпсіздігімді ойлап, арнайы күзет бөліп, кабинетіме қарауыл да қойды. Өйткені, том-том іс кабинетте сақтаулы жатты. Сот үкімімен алды 19 жыл, ал кейінгілері 14 жылдан арқалап кетті. Алайда, үкім оқылғанда ешқайсысының селт етпегені мені таңқалдырды. Тіпті, арасындағы біреуі «Бұл біз үшін сот емес, бізге үкімді арғы жақ шығарады» деп жоғарыны көрсетті. Әдетте, жазаға тартылғандар соңғы сөзді айтарда кешірім сұрап, өткен іске өкініп жататын. Ал бұлар, ондай пейіл танытпақ түгілі тар қапасқа қамаларын сезінген де жоқ. Қаракөз жастарымыздың осыншалық күйге түскені маған қатты әсер етті. Біраз күнге дейін есеңгіреген күйде жүрген кездерім де болған-ды.

- Қандай қылмыс түрлерімен жиі бетпе-бет келесіз?

- Қоғам ілгері дамыған сайын қылмыстың да түр-түрі көбейе түсетіні белгілі ғой?!  Осыдан оншақты жыл бұрын ақшаны оңды-солды таратқан банктерге қатысты іс көп болатын. Кейінгі жылдары мұндай істер саябырсып, оның есесіне алаяқтардың істері көптеп түсіп, соңғы жылдара соларды көп қарадым. Маған соңғы жылдары қулығына құрық бойламайтындардың ісі көптеп түскен болатын. Өкініштісі, олардың қатарында нәзік жандылардың саны басымдау еді. Отбасына жылу сыйлап, бесік тербетіп отырар шағында темір торға тоғытылу қандай ауыр десеңші! Мұндай іске неліктен барғанын сұрасаң, көпшілігі әлеуметтік теңсіздікті алға тартады. Бірақ біреудің ала жібін аттамауға тәрбиелейтін өрелі елдің ұрпағы емес пе едік? Тәрбиеге қырын қарап, жоқтың орнын осындай тәсілмен толтыруға шындығында арланбайтын болдық.

- Сот жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістерге көңіліңіз тола ма?

- «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт Жоспары сот саласына жаңаша леп әкелді. Біле білсек, бұл ізгілендіру иірімі жазаға тартуды емес, тәрбиеге үндейді. Үш сатылы сот жүйесі, сот төрелігі, алқабилер, бітімгерлік секілді жаңалықтардың түп-төркінін де осындай мақсат жатыр. 2014 жылдан бастап, сот жүйесіндегі оңды өзгерістерді өз көзіммен көріп, сезінгендіктен, оларға көңілім толатынын жасырмаймын.

- Бос уақытта немен айналысасыз?

- Гүл өсіру хоббиім десем болады. Өз үйімнің ауласында гүлдің түр-түрін өсіруге дағдыланғанмын. Демалыс сайын базарға барып, гүлдердің жаңа сорттарын сатып әкелемін. Оларды баптап, өсіру арқылы бойыма күш-қуат аламын.

- Отбасында қандай анасыз?

- Қызметте жүрген кезімде жұмыста судья, ал үйде кәдімгі ана болдым. Үш қызымнан өрген бес немерем бар. Соларды тәрбиелелеуге атсалысамын. Кіші қызым былтыр мектеп бітірді. Ендігі жұмысым – соны қанаттандыру болмақ.

- Сіздің ойыңызша, судья қандай болуы керек? Жас қазыларға не айтар едіңіз?

- Судья болу – бұл заңгер үшін өсу жолының шыңы. Әрине, адам тағдырына араласып, билік айту үшін, нағыз заңгер әрі психолог болу шарт. Жалпы судьяның сөз сөйлеуі, жүріс-тұрысы мен пайым-парасаты өзгелерге үлгі болуы тиіс.

- Әңгімеңізге рахмет!

                                                                                                                               Әңгімелескен  Қабыл ДҮЙСЕНБИ